Қарағанды облысында "WorldskillsKaraganda" жұмыс мамандықтарының чемпионаты басталды. Наурыздың 13-нен 16-на дейнгі аралықта онда он колледждердің студенттері өзара бақ таластырады, деп хабарлайды өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.
Дүниежүзілік байқаудың аймақтық кезеңі Қарағанды облысында төртінші рет өткізіліп жатыр. Чемпионаттың мақсаты – жұмыс мамандықтарының беделін көтеріп, ісін енді бастап келе жатқан шеберлерге таңдаған салаларында үздік жетістіктерге қол жеткізуге көмектесу.
Биылғы жылы "WorldskillsKaraganda" байқауына 18-ден 22 жасқа дейінгі қыз-жігіттер қатысады. Ол болашақ дәнекерлеушілер, аспаздар, дизайнерлер, шаштараздар, құрылысшылар, ұстаздар, кондитерлер және басқалары – байқау 19 мамандық бойынша өтеді. Аймақтық кезеңнің жеңімпаздары ұлттық турнирге қатысады. Үздіктер чемпионаттың әлемдік кезеңіне аттанады.
Өткен жылы Қарағанды облысының үш студенті ел құрамасына еніп, өздерінің кәсіби біліктіліктерін Абу-Дабиде өткен чемпионаттың әлемдік кезеңінде көрсетті. Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің студенті Сабыржан Дүйсенбеков "Тас қалау" мамандығы бойынша бақ сынады, сол оқу орнының тағы бір студенті Қасымжан Тұрғанбек "Бетондық жұмыстар технологиялары"мамандығы бойынша және Қарағанды коммерциялық колледжінің студенті Полина Сидельникова "Мейрамханалық іс" бөлімі бойынша Қазақстан намысын қорғаған болатын.
"Жұмыс қолдар олимпиадасы" деп те аталатын бұл жұмыс кәсіптерінің әлемдік чемпионаты екі жылда бір рет өткізіліп отырады. Worldskills қозғалысына 75 қатысушы-елдер енеді. Оған өндірістік сала, қызмет көрсету саласының түрлі мамандықтарының жас өкілдері мен студенттері қатысады. Қазақстан аталмыш қозғалысқа 2014-ші жылдың 10-шы масымында қосылған.
Worldskills чемпионатының келесі әлемдік кезеңі 2019-шы жылы Қазан қаласында өтеді.