Қарағанды облысында жабық жолдардан 600-ден астам көлік қауіпсіз жерге шығарылды

107

Көктайғақ пен қолайсыз метеожағдай салдарынан республикалық маңызы бар автожолдарда қозғалыс қиындап, бірқатар бағытта көлік кептелісі қалыптасты.   

Қарағанды облысында жабық жолдардан 600-ден астам көлік қауіпсіз жерге шығарылды Фото: бейнежазбадан

Қарағанды облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты уақытша жабылған автожолдардан 600-ден астам көлік полицияның ұйымдасқан сүйемелдеуімен қауіпсіз аймақтарға жеткізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды облысы аумағындағы бірқатар автожол учаскелерінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді.

Атап айтқанда, Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Қарағанды бағыттарында 600-ден астам көлік жиналған. Жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қарағанды облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны мен аумақтық бөлімшелердің жеке құрамы жұмылдырылды. Көліктер кезең-кезеңімен ұйымдасқан түрде сүйемелденіп, жолдың ең қауіпті учаскелерінен шығарылды.

Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, бұл кезеңде полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеген.

– Біздің басты міндетіміз – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ автожолдарда төтенше жағдайлардың алдын алу. Осы бағытта барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр, – деді ол.

Полиция департаментінің мәліметінше, шектеу енгізілген уақытта кейбір азаматтар наразылық білдірген. Алайда полиция қызметкерлері қозғалысқа тыйым салу тек қауіпсіздік мақсатында енгізілетінін түсіндірген.

Сонымен қатар, ресми шектеулерге қарамастан, жабық жол учаскелеріне шығуға әрекет жасаған жағдайлар да тіркелген.

– Мұндай әрекеттер адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді, – деп атап өтті Жасқайрат Қайыров.

Демалыс күндері жабық жолға шыққаны үшін төрт жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Полиция департаменті енгізілген шектеулерді елемеу деректеріне қатысты ұстаным өзгермейтінін және мұндай құқық бұзушылықтар заңнамаға сәйкес қатаң түрде тоқтатылатынын мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу