Бұқар жырау ауданындағы "Ақнар" құс фабрикасында "ақылды" климат-бақылау жүйесімен жабдықталған жаңа заманауи құс фермасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жасанды интеллект элементтері енгізілген жүйе барлық негізгі көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде талдап, құстың жас ерекшелігі мен сыртқы орта факторларын ескере отырып микроклимат параметрлерін автоматты түрде реттейді. Бұл өнім сапасын жақсартып, энергия ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Кәсіпорынға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков барып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты.
Ботақара кентінде орналасқан фабрика бройлер бағытындағы құс етін өндіруге маманданған. Бір тәуліктік балапандар Венгриядан жеткізіліп, осында өсіріледі. Қазіргі таңда кәсіпорын ассортиментінде құс етінен дайындалатын жиырмадан астам өнім түрі бар.
Соңғы екі жылда кәсіпорында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа құс шаруашылығы – фабрикадағы 29-шы өндірістік нысан.
Биыл Үштөбе аумағында тағы алты жаңа құс қорасын салу жоспарланған, олар үшін заманауи жабдықтар алдын ала сатып алынған. Компания алдағы жылдары өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтуды мақсат етіп отыр.
– Жаңа құс қорасы жылына шамамен 300 тонна қосымша ет өндіруге мүмкіндік береді. Келесі нысанның құрылысы басталып кетті, әрі қарай даму қарқынын сақтаймыз. Биыл 10 600 тонна өнім өндіруді, келесі жылы көлемді 12 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал 2027–2029 жылдары жыл сайынғы өндіріс көлемін шамамен 17 мың тоннаға дейін арттырып, жалпы өсімді екі есеге жеткізуді көздейміз. Бұл Қарағанды облысын отандық құс етімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді "Ақнар ПФ" ЖШС директоры Виктор Колчев.
Қазіргі уақытта кәсіпорында шамамен 400 адам жұмыс істейді. Өндірістің кеңеюіне байланысты жаңа жұмыс орындары ашылады.
Жаңа цехты басқару жас маман Людмила Туржановаға сеніп тапсырылған.
– Құс шаруашылығында алты жылдан бері еңбек етемін. Бұл – мен үшін осындай деңгейдегі алғашқы тәжірибе. Қазір бәрі жоспарға сай, құс жақсы өсіп келеді. Қорада 18 мың бас құс бар. Автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істеу үшін арнайы оқудан өттім. Мысалы, температура көрсеткіші ауытқыса, компьютерде бірден ескерту шығады. Біз инженерлерді шақырып, барлық параметрді ретке келтіреміз, – деді ол.
Саланың дамуына мемлекеттік қолдау да серпін беруде. Жеңілдетілген несиелер ұсынылып, ет бағытындағы құс шаруашылығын субсидиялау тетіктері іске асырылуда. Бұл кәсіпорындарға цифрлық шешімдер мен озық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Нәтижесінде жергілікті құс өсірушілер ішкі нарықтағы позициясын нығайтып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға үлес қосуда.