Қарағанды облысында жол ақысы екі есе арзандайды

Қала маңындағы маршруттарда электрондық билеттеу жүйесі енгізілмек. 

Қарағанды облысында жол ақысы екі есе арзандайды Фото: time.kz

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қоғамдық көлікте ONAY! электронды төлем жүйесін енгізуді тапсырды, деп жазады inbusiness.kz.

"ONAY! электрондық жүйесін пайдалану тәжірибесі Қарағандыда оң нәтиже беруде. Бүгінгі таңда төлемдердің 96%-ы электронды түрде өтуде. Бұл жүйені қалааралық автобустарда, атап айтқанда серіктес қалаларда енгізу кейбір маршруттарда жол жүру құнын екі есеге жуық төмендетуге мүмкіндік береді. Айырмашылық айтарлықтай", — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Бұл ай сайын 500 мыңға жуық жолаушыны тасымалдайтын маршруттарға әсер етеді. Бұл № 100 және 107 (Қарағанды — Теміртау), № 121 (Қарағанды — Шахтинск), № 122 (Қарағанды — Топар), № 127 (Қарағанды — Шахан), № 146 (Қарағанды — Абай) және № 165 (Қарағанды — Саран) автобустар.

Қала маңындағы маршруттарда электрондық билеттеу жүйесі енгізілгеннен кейін жолаушылар QR, көлік коды немесе SMS көмегімен көлік картасымен 80 теңге төлейді.

"7—15 жастағы балалар" картасы бойынша жол жүру құны — 40 теңге.

Аталған көлік карталарын Қарағандыда да қолдануға болады. 

Қазір Қарағанды — Шахтинск автобустарында жол жүру құны — 190 теңге, Қарағанды — Топар — 180 теңге, Қарағанды — Теміртау — 150 теңге, Қарағанды — Саран — 95 теңге, Қарағанды — Абай — 170 теңге, Қарағанды — Шахан — 175 теңге.

Жол ақысын қолма-қол төлейтіндер үшін баға өзгеріссіз қалады.

Облыстық маршруттарда жеңілдіктер қолданылмайды. "Әлеуметтік" және "Зейнеткер" карталарының иелері үшін жол жүру жалпы тариф бойынша — 80 теңге болады.  

"Жолаушылар көлігі басқармасына жақын арада автобустарда жүйені монтаждау жұмыстарын жүргізуді, серіктес қалалардың тұрғындары үшін ONAY! карталарын сатып алу мүмкіндігін қамтамасыз етуді тапсырамын. Дүрбелеңге жол бермеңіздер! Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарымызды электронды жол ақысын төлеудің артықшылықтары мен ыңғайлылығы туралы хабардар етіңіздер", — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ, қала маңындағы қоғамдық көлікті жаңарту жалғасады. Биыл № 3 автобус паркі QazTehna зауытынан 25 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу