Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, 2026–2027 жылғы жылыту маусымына энергетика нысандарының дайындығын тексерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сапар барысында Шахтинск ЖЭО, Саран қаласының қазандық кешені, Қарағандыдағы ЖЭО-3, "Жаңа Майқұдық" қосалқы станциясы, Теміртаудағы ТМ-3 жылу магистралі және ГРЭС-1 станциясындағы жөндеу жұмыстарының барысы қаралды. Теміртаудағы ұзындығы 4,1 шақырым болатын ТМ-3 жылу магистралін реконструкциялау жобасының 60%-ы аяқталған. Комитет төрағасы құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ, биыл пайдалануға берілген "Қарағанды Жарық" ЖШС-нің 110/10 кВ "Жаңа Майқұдық" қосалқы станциясына барды. Бұл нысан Қарағанды қаласының ірі аудандарының бірін электрмен жабдықтау сенімділігін арттырып, жаңа тұтынушыларды қосуға қажетті қуат резервін қамтамасыз етеді.
Комитет төрағасы барлық нысанда жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды, құрылыс қарқынын күшейтуді және күзгі-қысқы кезеңде энергиямен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ ЖЭО-3-ті кеңейту жобасы аяқталғаннан кейін станцияның электр қуаты 140 МВт-қа, ал жылу қуаты 180 Гкал/сағатқа артады.