Қарағанды облысында жылу желілерін жаңарту бойынша Жол картасы құрылады

415

Қарағанды облысының әкімі Елбасының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша кеңесте нақты іс-қимыл қажет басым бағыттар атап өтілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қарағанды облысында жылу желілерін жаңарту бойынша Жол картасы құрылады

Қарағанды облысында Ел Президентінің сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі іс-қимыл жоспары 63 іс-шараны қамтиды. 

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев 12 желтоқсанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды іске асыру және орындау бойынша кеңес өткізді. Әр бағыт бойынша міндеттер белгіленген.

"ТКШ саласы бүгінде барлық инфрақұрылымның әлсіз буыны болып табылады. Облыстың жеті энергия көзінің негізгі жабдықтарының жай-күйі қазандықтардың 75%-ға, турбиналардың 70%-ға тозуымен сипатталады. Қауіпті аймақтарға Теміртау мен Шахтинск қалалары кіріп отыр. Дәл осындай жағдайды жылу желілерінде де көріп отырмыз. Коммуналдық ұйымдардың инвестициялық бағдарламалары проблемаларды шешпей жатыр", – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Ол ТКШ желілері мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының тозуын азайту және жаңарту бойынша Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Әр елді мекен бойынша нақты ақпарат болуы керек.

Агроөнеркәсіптік кешенде терең өңдеу өнімдерін өндіру бойынша жобаларды ұсыну талап етіледі. 

Бұл аймақ тұрғындарын жергілікті тауарлармен қамтамасыз етуді арттыруға көмектеседі. Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті қолдау жалғасады.

Жалпы жергілікті тауар өндірушілерді қолдау – басты міндеттердің бірі, деп атап өтті облыс әкімі. Ол әрбір инвестициялық жобаны іске асыру бойынша ықтимал тәуекелдерге талдау жасауды тапсырды.

Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын орындау бойынша жол картасы әзірленетін болады.

"Тұрғындар бізден бос сандар мен көрсеткіштерді емес, нақты нәтижелерді күтіп отыр. Әрбір көрсеткіштің артында нақты істер, сапалы және мерзімінде орындалған жобалар болуы тиіс", – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу