Қарағанды облысында жылына 1,2 млн текше метр тас мақта өндіретін зауыт ашылды

180

Жобаға 67 млрд теңге инвестиция салынған.

Қарағанды облысында жылына 1,2 млн текше метр тас мақта өндіретін зауыт ашылды Фото: gov.kz

Қарағанды облысындағы Saran индустриялық аймағында тас мақта өндіретін жаңа зауыт іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жобаға 67 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорын жылына 1,2 млн текше метрге дейін жылу оқшаулағыш материал өндіре алады.

Өндірістік кешен заманауи еуропалық жабдықтармен жарақтандырылған. Зауыт жергілікті шикізатты, оның ішінде Балқаш маңындағы кен орнынан алынатын шикізатты пайдаланады. 

Тас мақта базальт және жанартаулық текті өзге де тау жыныстарынан өндіріледі. Жылу оқшаулағыш қасиеті жоғары бұл материал жеке тұрғын үйлерден бастап ірі өнеркәсіптік кешендерге дейінгі түрлі нысандардың құрылысында қолданылады.

– Тас мақта шатырларды, ғимараттардың қасбеттері мен едендерін, ішкі қабырғалар мен қалқаларды жылу оқшаулауға, сондай-ақ сэндвич-панельдер өндіруге пайдаланылады. Оның басты артықшылықтары – табиғи шикізаттан жасалуы және экологиялық қасиеттері. Материалдың негізін базальт пен жанартаулық текті басқа да тау жыныстары құрайды. Жылу өткізгіштігінің төмендігі ғимараттардың жылуын сақтауға, энергия тиімділігін арттыруға және ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді "Karaganda Insulation" ЖШС бас директорының орынбасары Данияр Мұхамеджанов.

Кәсіпорынның өнімі тұрғын үйлер, қоғамдық ғимараттар мен өнеркәсіптік нысандардың құрылысында қолданылады. Жаңа өндіріс ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Жоба толығымен компанияның жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Зауытта 186 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар кәсіпорынға қызмет көрсететін сервистік ұйымдарда шамамен 1,5 мың адам жұмыспен қамтылады.

– Бұл – өңір үшін стратегиялық маңызы бар өндіріс орны. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еліміздің барлық өңірін қамтитын "Халықтық құрылыс" ауқымды бағдарламасын жариялады. Бұл бастама құрылыс саласына тың серпін беріп, отандық материалдарға сұранысты арттырады. Тас мақта – қазіргі құрылыста кеңінен қолданылатын, сұранысқа ие жылу оқшаулағыш материал. Ең бастысы, оның сапасы жоғары әрі бәсекеге қабілетті болуы керек. Жаңа зауыт өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосады деп сенемін, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу