Қарағанды облысындағы медициналық ұйымдардың ғимараттарының тозу деңгейі 70%-ға жетті

469

Бұл нысандардың басым бөлігі өткен ғасырдың 60-80 жылдары бой көтерген.    

Қарағанды облысындағы медициналық ұйымдардың ғимараттарының тозу деңгейі 70%-ға жетті Фото: ekaraganda.kz

Қарағанды облысындағы ауруханалар мен емханалардың ғимараттарының тозу деңгейі 70 пайызды құрады. Жуырда 59 медициналық ұйымды жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы 17 қаңтарда өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қалдыбек Исмаилов хабарлады, деп жазады inbusiness.kz eKaraganda порталына сілтеме жасап.

"Бүгінгі таңда жергілікті бюджет қаражаты есебінен 14 млрд теңгеден астам сомаға 59 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Соңғы 4 жылда 12 млрд теңгеден астам сомаға 116-дан аса нысан жөнделді. Олардың басым бөлігі Ұлытау облысында орналасқан", - деп атап өтті Қалдыбек Исмаилов.

Оның айтуынша, биыл 7 орталық аудандық ауруханадағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Бұдан басқа алдағы үш жылда медициналық техника паркі де жаңартылып, 995 жаңа арнайы көлік пайдалануға берілмек. Оған 18 млрд теңгеден астам қаражат жұмсау жоспарланып отыр.

Ақпаратқа сәйкес, осы жылдың наурыз айында облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысын аяқтауға уәде берілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу