Қарағандының 80 кәсіпкері "Қазақстанның үздік тауары - 2018" аймақтық көрме-байқауына қатысты, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақтық көрме-байқауда үш номинация қарастырылды: "Өндірістік бағыттағы үздік тауар", "Халыққа арналған үздік тауарлар" және "Үздік азық-түлік тауарлары". Әр номинация бойынша үш жеңімпаздан анықталды. Олар енді аймақ намысын республикалық байқауда қорғайтын болады.
"Өндірістік бағыттағы үздік тауарлар" номинациясында облыстың 27 кәсіпорны ұсынылды. Тау-кен шахта құрылғыларын жасаумен және жөндеумен айналысатын "Maker (Мэйкер)" ЖШС, қолданыстан алынған көліктерді жоюмен айналысатын Орталық-Азиядағы бірінші кәсіпорын "Recycling Company" ЖШС және Қазақстандағы машина құрастыру нарығында құрылғыларды және қосалқы бөлшектерді жасайтын теміртаулық өндіріс "Инкар-1" ЖШС диплом алды.
Үздік азық-түлік тауарлары ретінде "REN-MILK" ЖШС, "Жагипарова МК" жеке кәсіпкерін және "Қарағанды Құс" ЖШС таңдалды.
"Халыққа арналған үздік тауарлар" номинациясында облыстың 35 кәсіпорны қатсықан. Бұл бөлімде "Қарағанды фармацевтикалық кешені" ЖШС, "КазПласт" ЖШС және Саран қаласының "Galex Plus" тігін-трикотаж фабрикасы жеңімпаз болып жарияланды.