Қарағанды облысының 5 қаласына карантин енгізілді

1336

Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай және Теміртау қалаларына кірі-шығу шектеледі.

Қарағанды облысының 5 қаласына карантин енгізілді

Қарағанды облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров  коронавируске қарсы өңірдің 5 қаласына карантин енгізілгенін хабарлады.

"Мен келесі қалаларда карантин енгізу туралы Қаулыға қол қойдым: Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай, Теміртау. Қазіргі уақытта коронавирус ауруының 7 жағдайы тіркелді. Олардың барлығы Қарағандыда анықталды. Бірақ, көршілес қала тұрғындарының 25%-ы Қарағандыға жұмысқа және басқа да істерге келгенін ескере отырып, осы қалаларда коронавирусты одан әрі таратуға жол бермеу үшін карантин қабылданды", – деді Қанат Асқаров.

Карантиндік шектеулер 30 наурыз күні сағат 00.00-ден бастап енгізіледі.

"Арнайы рейстерден өзге авто және теміржол вокзалдарын, әуежайды жабу жөнінде мемлекеттік комиссияға өтініш жіберіледі. Сондай-ақ, қоғамдық көлікті шектеу және карантиндік аймақты толық қоршауды қамтамасыз ету туралы өтініш жасайтын боламыз", – деді департаент басшысы.

Карантин кезінде мемлекеттік және жеке меншік балабақшалар жабылады. Сұлулық салондары, қоғамдық моншалар мен сауналар, букмекерлік кеңселер және басқа да қызмет көрсету орындары жұмысын тоқтатады.

Мейрамханалар мен дәмханаларға тек жеткізу үшін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналуға тыйым салынады (отбасы мүшелерінен басқа). Кәмелетке толмаған азаматтарға қала бойынша ересектердің ертуінсіз жүруге тыйым салынады.

Облыс бойынша карантиндік бақылауда 509 адам бар. Олардың бәрі 1 "а" санатындағы елдерден оралған немесе  вирус жұқтырған адамдармен байланыста болған азаматтар. Тағы 421 адам үйде оқшауланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу