Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімі беріле ме деген сұраққа облыс әкімі жауап бере алмады. Кеншілердің мәдениет сарайында аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібековтың халыққа есеп беру кездесуі өтті. Өткен жылы облыста атқарылған іс шаралар туралы есеп берген әкім қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.
Екі сағатқа созылған кездесуде отызға жуық сұрақ қойылды. Оның ішінде тек жалғыз сұраққа аймақ басшысы жауап бере алмады. Бұл сұрақ өткен жылы облыс әкімінің Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімі беріліп, ескерткіші ашылады деген уәдесіне қатысты болды.
Қоғам белсендісі Айтқожа Фазыловты облыс әкімі сұрақ қоюға өзі шақырды.
"Айтқожа Фазылов есеп беру кездесуде сұрақ қояйыншы деп блогыма жазған екен. Осында отыр ма? Сұрағыңызды қойыңыз", - деді Нұрмұхамбет Қанапияұлы.
Айтқожа Фазылов әңгімені әріден бастады. Октябрь төңкерісінің қазаққа әкелген зұлматы туралы тура 18 минут баяндады.
"1992-1996 жылдары Москвада 600 көше атауын өзгертті. Орталық Октябрь ауданының аты ауыстырылды. Бірде бір Москва тұрғыны қарсы болып көшеге шыққан жоқ! Одан кейін Октябрь алаңының атын өзгертті. Есіңізде болса осы Октябрь алаңында сіз екеуміз білім алдық. Сіз студент болдыңыз, мен аспирант болдым. Октябрь алаңының атауын өзгерткенде ешкім қарсы шықпады. Ленингрда қаласындағы Октябрь ауданын, Ленин ауданының атауын ауыстырды", - деді белсенді.
Октябрь төңкерісі кезінде қаншама миллион қазақтың қырылғанын терең толғап келе жатқан белсендінің сөзін "Ұсынысыңызды айтыңыз" деген әкімнің сөзі бөлді.
"Нұрмұхамбет Әбдібеков, Сіз осы күнге дейін, Октябрьдің құрсауындасыз! Қарағандыдағы Октябрь ауданына қашан Әлихан Бөкейханның есіміне беріледі? Сөз беріңіз!", - деді Айтқожа Фазылов.
Сұрақ ұзаққа созылғанымен, жауап қысқа қайырылды. "Сұрақ қабылданды",- деді де әкім кідірместен басқа сұрақтарға жауап беруге көшті.
Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімінің баспасөз қызметі 2016 жылдың 26 қыркүйегінде Алаш көсемінің Ақтоғай ауданында аталып өткен 150 жылдық мерейтойында Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Қарағанды облысында Әлихан Бөкейхан атындағы аудан пайда болады деген баспасөз мәлімдемесін таратқан болатын.