Қарағанды облысының ауылдық жеріне көпбалалы он отбасы қоныс аударды

831

Жергілікті тұрғындар оларға тұрмысын реттеп, жұмысқа орналасуға және өз шаруашылығын құруға көмектесуде.

 Қарағанды облысының ауылдық жеріне көпбалалы он отбасы қоныс аударды Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Көпбалалы отбасыларды Тікенектіге көшіру бастамасы жергілікті шаруа қожалығының басшысы Рамазан Әбілдинге тиесілі.

– Біздің шағын, бірақ өте жайлы ауылымыз орталық сумен, ұялы байланыспен, интернетпен қамтылған. Тұрғындар тату, тоғыз жылдық білім беретін мектебіміз бар. Біз мектепте оқушылардың жеткілікті санын қамтамасыз ету үшін көп балалы отбасыларға ауылымызға көшуге көмектесеміз, – дейді Рамазан Әбілдин. – Өткен жылы, мысалы, бізге екі отбасы көшіп келді. Биыл тағы он жанұя. Біз оларға үй бөліп, жөндеу жасауға және шөп алуға көмектесеміз, көмірді тегін түсіріп береміз, мал береміз. Сондай-ақ, отбасы мүшелерін жұмысқа орналастырамыз. Оларға да жақсы және бізге де жұмыс қолдары қажет.

Кейбір отбасылар Астана қаласының маңынан Тікенектіге көшті. Ауылмен көршілес бөлімшелерден көшіп келгендер де бар.

Әйгерім Серікбаева жұбайымен бірге Жүкей бөлімшесінде тұрған.

Менің бес балам бар. Бұрын үлкен үш балам көрші ауылдағы мектеп-интернатта оқыған. Балалар үйді қатты сағынды. Сондықтан бізге балалармен бірге көшуді ұсынғанда және көмектесуге уәде бергенде, біз ойланбастан келістік, енді балаларымыз жанымызда. Бізге бес бөлмелі үй, мал бөлінді, көмір беріп көмектесті, шөп түсіріп берді, – дейді Әйгерім Серікбаева.

Тікенектіде Рамазан Әбілдинді өз ауылының патриоты деп атайды.

Ол тек қоныс аударушыларға ғана емес, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жиынтықтарын беріп те көмектеседі, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етеді, жергілікті жастарға клуб сыйлады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу