Қарағанды облысында жеке тұлғаларға сату кезінде бөлшек салық мөлшерлемесі 4-тен 2%-ға дейін төмендетіледі. Бұл кәсіпкерлерге салық жүктемесін жеңілдетуге және өңірдегі бизнес-ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде бөлшек салықтың арнайы режиміне қатысты және жергілікті өкілді органдарға төлемнің базалық мөлшерлемесін 50%-ға төмендетуге мүмкіндік беретін салық заңнамасына түзетулер 2023 жылғы 30 мамырда күшіне енді.
Қарағанды облысының басшысы, қалалар мен аудандардың әкімдері депутаттық корпуспен бірлесіп бөлшек салықтың арнайы режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесін 4-тен 2%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.
– Республикада кәсіпкерлер үшін бөлшек сауда салығын 4-тен 2%-ға дейін төмендеткен бірінші болып Қарағанды облысының Шет ауданы болды. Абай ауданында да БСМ мөлшерлемесін төмендету туралы шешім қабылданды. Осы жылдың 1 шілдесіне дейін Қарағанды облысының барлық аумағында бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету жоспарлануда, – деді өңірдің кәсіпкерлік басқармасының басшысы Дастан Құдабаев.
Бизнесті қолдаудың бұл шарасын қызметтің 190 түрі бойынша 35 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері пайдалана алады. Бұл ретте олардың қызметкерлерінің саны 200 адамнан аспауы тиіс, ал жылдық табысы 600 мың АЕК-тен аспауы керек.