Қарағанды полицейлері көпірден секірмек болған бойжеткенді құтқарды

1023

Қазіргі таңда ол азаматшамен психолог мамандар жұмыс істеп жатыр.  

Қарағанды полицейлері көпірден секірмек болған бойжеткенді құтқарды

Қарағандылық полицейлер аспалы көпірден секірмек болған жас қызды құтқарып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.

21 сәуір күні кешкілік құрамында полиция қызметкерлері Рауан Оразбеков, Аман Әбілдә және Елубай Насурллаев бар автопатруль төтенше жағдай режимін сақтау шаралары бойынша Бұқар жырау даңғылының бойында қызмет атқарып тұрған. Сағат 21.40 шамасында олардың жанына инкассатор көлігі тоқтап, көлік жүргізушісі көпірдің үстінен өткенін және ол жерде бір адам көпірден секірмек болып тұрғанын хабарлаған.

Патрульдік жасақ қызметкерлері аталған оқиға бойынша жедел басқару орталығына хабарлап, полицей Рауан Оразбеков автокөлікпен бірден сол жаққа бағыт алса, оның әріптестері Аман Әбілдә мен Елубай Насурллаев жаяу адамның көпірдің қай бетінде тұрғанын анықтауға кіріскен. Полиция қызметкерлерінің көлігін көрген қыз олардың қасына жақындамауын талап етіп, әйтпесе төменге секіретінін айтқан.

"Оқиға орынына келгенімізде азаматша көпірдің темірінен ұстап, төмен қарай секірмек болып тұр екен. Біз оның ондай әрекетке бармауын өтіндік. Дегенмен ол айтқан бетінен қайтпайтынын айтып, жылаумен болды. Оның өмірін сақтап қалу мақсатында әріптесім Елубай әңгімеге тартып, көңілін аулады. Мен болсам оны қалайда аман алып қалу үшін ақырын жанына жақындадым. Бір сәтте ол қолын темірден алып, секіруге оқталған сәтте ұстап қалуға мүмкіндігім бар екенін сезгеннен кейін оның екі қолынан шап беріп ұстап алдым", – дейді полиция лейтенанты Аман Әбілдә.

Осыдан кейін қос полицей қыз баланы қауіпсіз жерге шығарып, не үшін мұндай қадамға бармақ болғанын анықтауға тырысқан. Бірақ, жылаудан басқа тәртіп сақшыларына еш нәрсе айтпаған 19 жастағы қызды жедел жәрдем қызметкерлері алып кеткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу