Қазір "Қарағанды-Теміртау" тасжолының 15 шақырымын қайта құру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мұнда негізгі жұмыстармен қатар бетон төсемінің ақауларын жояды.
"Қарағанды маңында салынып жатқан айналма жолда қазір 600 бірлік техника мен мыңнан астам адам жұмыс істейді. Қазіргі уақытта олар қиыршық тас-мастикалық асфальт-бетонның жоғарғы қабатын төсеп, көлік айрықтарын салуда. Аталмыш жол бойында қозғалысты осы жылдың соңына дейін ашу жоспарлануда",– деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
Биылғы жылдың сәуір айында Қарағанды-Балқаш тас жолында жөндеу жұмыстары басталған болатын. 2022 жылы бұл бөліктегі жөндеу жұмыстары аяқталады деп жоспарлануда. Балқаш қаласынан Алматыға қарай ұзындығы 143 км трасса учаскесінде жұмыстардың белсенді кезеңі келесі айда басталады.
Жергілікті маңызы бар автожолдарға келетін болсақ, ұзындығы 17 шақырымды құрайтын "Новодолинка-Шахан-Молодецкое" трассасын қайта жаңарту жалғасуда.
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша "Қарағанды-Саран-Шахтинск" автожолында ұзындығы 19 шақырым күрделі жөндеу жұмыстары басталды.Сонымен қатар, өңірішілік мобильділікті жақсарту үшін облыстағы 60-тан астам елдімекенді қамтитын жергілікті маңызы бар автожолдардың 19 учаскесінде орташа жөндеу көзделген.