Туризм және спорт министрлігі Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы қызметіне Нұркен Нұратовтың кандидатурасын келісіп бекітті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл шешім өңірлік спорт басқармаларының басшыларын тағайындау жөніндегі комиссия отырысының қорытындысы бойынша қабылданды. Бұған дейін Нұратов Алматы облысының олимпиадалық резервтерді даярлау орталығын басқарған.
Комиссия оның кәсіби жолын, басқарушылық тәжірибесін және өңірде спортты дамытуға қатысты көзқарасын жан-жақты қарап, оң шешім қабылдаған.
Еске салайық, бұған дейін басқарманы Серік Сәпиев басқарған. 2026 жылғы 21 қаңтарда ол өзінің орынбасары Дәурен Есімхановпен жанжалға түсіп, оқиға бейнежазбаға түсіп қалған. Кейін екеуі де бұл жағдайға қатысты түсініктеме берген.
3 ақпанда Сәпиев пен Есімхановтың өз өтініштері бойынша қызметтен кеткені белгілі болды.
Ал 25 наурызда Сәпиев Қазақстан бокс федерациясы президентінің осы спорт түрін дамыту мәселелері жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды.