"Қарағанды Су" компаниясына 5,5 млн теңге айыппұл салынды

553

Бұқпа өзеніне кәріздік судың құйылуына жол бергені үшін монополист әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қарағанды Су" компаниясына 5,5 млн теңге айыппұл салынды Фото: inbusiness.kz

Қарағанды қаласында ақпан айының басынан бастап он шақты күн бойы бүкіл қаланың кәріздік суы Бұқпа өзеніне құйылып кеткен. Кәріздік суды жинап, оны тазарту станциясына жіберіп отыратын желідегі 10-шы кәріз коллектордан ақау шыққан болатын.

"Қарағанды Су" компаниясы апатты жағдайға дайын емес екенін көрсетті. Тұрғындар шулап, мәселеге биліктің араласуын сұрады. Осы жағдайдан кейін Қазыбек би ауданының Санэпидбақылау басқармасы "Қарағанды Су" компаниясына жоспардан тыс тексеріс жүргізді. 

"Тексеру барысында Кіші Бұқпа өзенінде ағынды сулардың төгілу фактісі расталды, осы ауданның сызбасын зерделеу кезінде "Қарағанды Су" ЖШС-ның су құбыры және кәріз желілерінің қиылысуы анықталмады. Басқарма мамандары су ағызу ауданындағы жақын маңдағы объектілерге барып, кәсіпкерлермен жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргізді. Жүргізілген жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша "Қарағанды Су" ЖШС-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігінде ағынды суларды ағызғаны және апатты жою жоспарының болмағаны үшін 1600 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды", – деп мәлімдеді Қарағанды облысының санэпидбақылау департаментінің баспасөз қызметі.

"Қарағанды Су" ЖШС басшылығына нақты іс-шараларды және оны орындау мерзімдерін айқындай отырып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама дайындалып, табыс етілді.
Қазіргі уақытта "Қарағанды Су" ЖШС №10 кәріз коллекторындағы апатты жою бойынша жұмыстарды жалғастыруда.

"Осы мәселенің ерекше маңыздылығын ескере отырып, ақпарат Қарағанды қаласы әкімінің аппаратына және облыстың Экология департаментіне қалыптасқан жағдайдағы проблемаларды шешу және шаралар қабылдау үшін жіберілді, себебі бұл жағдай ішек инфекцияларының және паразиттік аурулардың туындауына әкелуі мүмкін", - деп мәлімдеді санэпидбақылау Департаменті мамандары.

Арайлым Еркебаева 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу