"Қарағанды Су" мамандары ауыз судың тұрғындарға жеткенше зертханада бірнеше кезең бойынша тазартудан өтетінін мәлімдеді.
Қала әкімі Мейрам Кожуховтың ауыз суды тазарту нысанына келуіне жақында ауыз суға қатысты шыққан дау-дамай себеп болған. Гоголь көшесінің тұрғындары үйлеріне келіп тұрған ауыз судан жыбырлап жүрген құрт тауып алған.
"Қарағанды Су" компаниясы құрт шыққан суды алып зерттеп көрген болатын. Алайда мамандар ауыз судан зиянды заттардың табылмағанын мәлімдеді. Ауыз сумен қамтамасыз ететін компания басшылығы бірнеше кезеңнен тұратын тазартудан өтіп барып халыққа жететін суда құрт болмайды деп отыр.
Мамандар Гоголь көшесіндегі суынан құрт шыққан тұрғындарға үйдегі су өтетін құбырларды ауыстыру керек деген кеңес берді. Алайда тікелей эфирді көрген қарағандылықтардың басым бөлігі ауыз су сапасының нашар екенін айтып, су тазарту нысанының жұмысына сенімсіздікпен қарайтындарын жазды.