Қарағанды: Үйге газ тарту үшін берілетін әлеуметтік көмекті кімдер алады?

941

Әлеуметтік көмектің көлемі 100 АЕК-ке (318 мың тг.) дейін болмақ.

Қарағанды: Үйге газ тарту үшін берілетін әлеуметтік көмекті кімдер алады?

Қарағанды қаласының тұрғындарына орталықтандырылған газ жүйесіне қосуға біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіле бастады, деп жазады inbusiness.kz Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Әкімдіктің сайтында көрсетілгендей, келесі санаттағы тұрғындар баспанасын газдандыру үшін біржолғы әлеуметтік көмекті ала алады:
- жасына байланысты зейнеткерлер;
- мүгедек адамдар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар;
- көп балалы отбасылар;
- атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
- жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қорғаушылары немесе қамқоршылары.

Әлеуметтік көмектің көлемі 100 АЕК-ке (318 мың тг.) дейін болмақ. Бұл қаражат газ жабдығын жеткізуге және орнатуға арналған нақты шығынға байланысты төленеді.

"Отбасының бір мүшесіне есептегенде орташа жан басына шаққандағы табысы 2,5 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс (қазіргі уақытта – 93 473 тг.). Газ жабдығын орнату туралы келісім-шарт жасалған сәттен бастап бір жыл ішінде көмекке жүгінуге болады", - деп жазылған хабарламада.

Әлеуметтік көмек алу үшін өтінішті Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне (Поспелов көшесі, 16) немесе электрондық үкімет порталы арқылы жіберуге болады деп көрсетілген. 

Бұдан бөлек бірқатар құжаттар пакетін де ұсыну керек. Оның ішінде жеке басын куәландыратын құжат, газ жабдығын жеткізумен және орнатумен байланысты тұлғаның (отбасының) шығыстарын растайтын акт және/немесе құжат (чектердің, түбіртектердің көшірмелері, қызметтер көрсетуге арналған шарт), адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер, мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі (зейнетақы куәлігі, мүгедектігі туралы анықтама, балалардың туу туралы куәлігі) бар. Сонымен қатар жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтардың жоқ (бар) екендігі туралы анықтама және екінші деңгейдегі банктегі не "Қазпочта" акционерлік қоғамындағы банк шотының нөмірі туралы мәліметтер де қажет екендігі көрсетілген.

Айта кету керек, газдандыруға әлеуметтік көмек көрсету ережесі Қарағанды қаласы мәслихатының шешімімен бекітілді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу