Еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда Кеншілер қаласында мемлекеттік тіл деңгейі өгейдің күйін кешіп тұратыны анық. Қарағанды жастары 18 қазанда билік өкілдері мен бейресми түрде кездесу өткізді. Жастардың ұсынысын ішкі саясат пен жастар саясаты басқармасының бастықтары тыңдады.
Қарағанды қаласында әртүрлі салада еңбек етіп жүрген жастар "Тілі дамымаған халықтың өзі де дамымайды" деген қағиданы алға тартып, қазақ тілінің дамуына қатысты күйініштері мен ұсыныстарын жеткізді. Жастар бірінші кезекте Қарағандының орталық көшесіндегі "гармошка" деп аталып кеткен, үйдегі "Караганде образцовый порядок высокую культуру" деген кеңестік кезден келе жатқан жазуды алып тастау керек деді. Бұл жазудың орнына белсенділер ұлт зиялысы Әлихан Бөкейханның "Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын" деген жазуды қою қажет деп, ұсыныс тастады.
Мемлекеттік қызметтегі шенеуніктердің қазақ тілін үйренуін міндеттеу мәселесі айтылды. Сонымен қатар жастар мемлекеттік тілдерді дамыту басқармасының атауын "қазақ тілін дамыту" деп өзгертудің уақыты келді дегенді айтты.
Жиналғандар "Достық" үйінде орналасқан Қазақстан халықтары Ассамблеясы жұмысында қазақ тілін насихаттауға көбірек мән берілмейді деген өкпе наздарын да жеткізді. Ассамблеяның жұмысы 1 мамырда қазақ пен кәрістің немесе басқа ұлттардың құшақтасып, концерт ұйымдастыруымен шектеледі деген сын айтылды. Жастардың ұсынысын тыңдаған ішкі саясат басқармасы бастығы Ерлан Құсайын Ассамблеяның жұмысын қорғай сөйледі.
"Ұсыныс тілектеріңіз орынды. Қаншама жүрегі қазақ деп соққан жастарды көріп қуанып отырмын. Дегенмен Ассамблеяның жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Ең бірінші болып осы Ассамблеяның сессиясында "Қазақтану" жобасы қаралған, ол бүгінде жақсы нәтижемен жұмыс жасап келеді. Достық үйінде қазақ халқының ұлттық құндылығы мен руханиятын арттыруға бағытталған шаралар жүргізіледі", – деді облыстық Ішкі саясат басқармасының бастығы Ерлан Құсайын.
Қарағандылық жастар кездесуде айтылған мемлекеттік тілді дамытуға қатысты ұсыныстарын жіпке тізгендей етіп жазып, облыс әкімі мен президентке жолдамақшы. Белсенді жастар ұсыныс тілектері жазылған қағаздары облыс әкімдігі мен президент әкімшілігі кеңсесінде шаң басып тұрып қалмайтынына сенімді.
"Мұнда айтылған өтініштерімізді, нақты ұсыныстарымызды облыс әкіміне, президентке жазып тапсырамыз. Қазақ тілінің аясын кеңейтуге бағытталған ұсыныстарымызды республикалық деңгейде көтереміз. Көптеген отырыста мұндай мәселелер айтылып, жайына қалды деген ойлар да айтылды. Бірақ біз өзгерістің болатынына сенеміз. Ленин көшесін Абайға ауыстыруда да өз үлесімізді қосқан болатынбыз", – деп мәлімдеді қоғам белсендісі Ержан Әділ.
Арайлым Еркебаева