Бірінші вице-премьер Василий Матюшевский бастаған белорус делегациясы Қарағандыдағы "КазБелАЗ" бірлескен кәсіпорнына келді. Қонақтар өндіріс шарттарымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Осыдан бірнеше жыл бұрын құрылған кәсіпорында 45 тонна жүк көтеретін 18 карьерлік жүкті өзі түсіретін көлік жиналған. Сапар барысында өндіріс жолағының көлемін ұлғайту туралы келісім жасалды. Белорустік жақ құқықтарынан бас тартуға дайын. Келешекте бұл қазақстандық құрамның көлемін ұлғайтуға септігін тигізеді.
"Корпорация "Казахмыс" ЖШС-нің Қарағанды құю-машина құрастыру зауытының базасында құрылған "КазБелАЗ" БК ЖШС 2010-шы жылдың наурызынан бері қызмет етіп келеді. Жоба еліміздің индустриализациялау картасына қосылған және Белорус пен Қазақстан арасындағы 2009-2016 жылдарға арналған өзара экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына енгізілді. Оның мақсаты белорус елінде шығарылған техниканың сервистік қызметін ұйымдастыру және келешекте карьерлік жүк көліктерін Қарағандыда жинау болатын.
"Алғашқы екі-үш жыл база құру және сертификаттау, мамандарды дайындауға бағытталған болатын. Бүгінгі таңда бізде 98 адам жұмыс істейді. Қазір біз контракт көлемін ұлғайтып, табысқа қол жеткіздік. "БелАЗ"-дың құжаттары және жобаларымен жүк көтеру мүмкіндігі 45 тонна 7547 сериялы жүк көліктерін жинаймыз. Осы уақытқа дейін 18 дана техниканы жинадық. Техниканың саны соңғы уақытта көбейді. 2017-ші жылға біз жоспар бойынша 10 машина жинауымыз керек", - деді "КазБелАЗ" БК ЖШС бас директоры Сергей Потылицын.
Оның айтуынша Қарағандыда жиналған карьерлік жүк көліктерін отандық алтын өндіруші кәсіпорындар, сондай-ақ көмір шығарушы өндіріс ошақтары өздерінің рудниктерінде пайдаланады. Жалпы есептегенде Қазақстан нарығындағы сыйымдылық 300 дана көлікті құрайды – бұл техника өз ресурсын әбден сарқыған.
Дегенмен техникадағы қазақстандық құрам айтарлықтай емес - 15 %-дан сәл ғана асады. Әзірге барлық құрама бөлшектер Белорусиядан жеткізіледі.
Қазіргі таңда Қарағанды құю-машина құрастыру зауытының жабдықтарын жаңғырту бойынша ауқымды жоба аяқталуға жақын. Қайта қалпына келтіруге 61 млн АҚШ доллары бөлінген. Зауыт 80%-ға жаңартылады. Алдыңғы қатарлы әлемдік маркалардың құрылғылары орнатылған: СББ (сандық бағдарламалық басқару) бар заманауи станоктар, роботталған кешендер. Жабдықтардың бір бөлігінің кеңес дәуірінен кейінгі елдерде баламасы жоқ. Зауыт 3D-моделдерді құруға және станоктан тыс басқару бағдарламаларын құруға мүмкіндік алды.
Жаңғырту шаралары кооперацияны үдетуге жол ашты. Жүк техникасына арналған барлық қосалқы бөлшектер, сондай-ақ жүк көліктерін жинауға арналған қосалқы заттар Қарағадыда шығарылатын болады. Осылайша қазақстандық құрам ұлғайтылады.
Белорус делегациясы Қарағандыдағы зауыттың жағдайына көңілі толатынын білдірді. Белорусияның премьер-министрінің бірінші орынбасары қазақстандық әріптесі Асқар Мәминге қарағандылық серіктестеріне техниканы жасау құжаттама пакетін беруге дайын екендерін айтып жеткізді.
"Біз Қазақстанның нақты индустриаландырылуы жүріп жатқанына көзіміз жетті. Алғашқы нәтижелер біздің кооперациямыздың әрі қарай нығаюына жақсы негіз құрғанын көріп отырмыз", - деді Василий Матюшевский Қарағанды қаласындағы Достық үйінде өткен сауда-экономикалық серіктестік бойынша қазақстан-белорус Үкіметаралық комиссиясының отырысында.
БК-ға белорустік техниканы сатуға ерекше құқық беру мәселесі өз шешімін тапты.
"КазБелАЗ" БК бірнеше жылдық тарихы бар, ал қазір біз жаңа серіктестік деңгейіне көтерілдік. Белорустік жақ құжаттарды беруге дайын. Біз қарағандылық зауыттың күрделі қайта жаңғыртудан өткенін өз көзімізбен көріп отырмыз. Ол дегеніміз мұнда жоғары сапалы әрі қолжетімді бағамен сатылатын машина бөлшектері жасалады дегенді білдіреді, - деді БР өнеркәсіп министрінің бірінші орынбасары Геннадий Свидерский. - Қарағанды өзі жүк түсіретін көліктерді сатушы жалғыз аймақ болады. Мұнда жүк техникасына арналған қосалқы бөлшектер шығарылады. Оған қоса біз алдымызға өр мақсат қойып отырмыз - қарағандыда жасалған карьерлік техника басқа елдерге де тасымалданады деп жоспарлап отырмыз. Біз алдағы уақытта өндіріс көлемінің өсуіне үміттенеміз.
Аталмыш шешім үкіметаралық комиссия отырысының хаттамасымен бекітілді.