Республика даңғылындағы 16 қабатты үйдің сегізінші қабатында болған өрт кезінде 43 жастағы ер адам терезеден сыртқа құлаған. Ол аулада тұрған жеңіл көліктің үстіне түскен. "Патриот" инстаграмм парақшасының хабарлауынша, өрт шыққан үйдің қожайыны зейнет жасындағы полковник. Ол ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында ұзақ жылдар бойы қызмет жасаған. Сол күні үйде оның әйелі, ұлы және 74 жастағы ағасы болған екен. Терезеден құлаған ер адам жан сақтау бөлімінде жатыр.
"Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар қызметі апатты жағдайдың себебін анықтау үшін оқиға орнында жұмыс жасап жатыр. Болжам бойынша ашық түрдегі от себеп болуы мүмкін. Пәтерде газ атылмаған. Тірі қалған адамның қазір жағдайы ауыр. Кеше біздің анықтаушы мамандар дәрігерлер көмегімен сол тұрғыннан мән - жайды сұраған кезде ол ештеңе есінде қалмағанын айтқан болатын", - дейді Қарағанды қаласының ТЖ басқармасы бастығының орынбасары Асхат Маханов.
Ресми мәлімет бойынша өрттен сол пәтер ғана бүлінген, үйдің тұрғындарына баспаналарына оралуға рұқсат берілген.
"Көп қабатты үйде болған өрт дерегі бойынша, полиция қызметкерлерімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 204 бабы 2 тармағына "отпен немесе қауіптілігі жоғары өзгеде көздермен жұмыс істеу арқылы жасалған ауыр зардаптарға әкелген бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру" сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Аталған баптың санкциясына сәйкес екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде", - деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.