Қарағандыда бес күн ішінде үш велосипед ұрланып, тұрғындарға 300 мың теңгеден астам шығын келтірілген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осы іске қатысы бар деген күдікпен 33 жастағы ер адам мен 29 жастағы әйел ұсталды.
Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері жәбірленушілердің арызынан кейін жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктілерді анықтады. Тергеу мәліметінше, олар бірге әрекет етіп, айналасындағылардың күдігін тудырмауға тырысқан.
Қазір аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция күдіктілердің қала аумағында жасалған өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Құқық қорғау органдары тұрғындарға велосипедтер мен самокаттарды кіреберістерде және дүкен маңында қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ оларды арнайы құлыппен бекітіп, қауіпсіз жерде сақтауға кеңес береді.