Өрт салдарынан жел бағытына қарай қаланың кей бөліктерінде түтін иісі сезілген.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт Әлихан Бөкейхан ауданындағы "Восток" шағынауданының Сахалин учаскесінде болған.
"Қазір өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына 35 маман мен 8 техника жұмылдырылды. Тұрғындарды сабыр сақтауға шақырамыз", – деді ТЖД баспасөз қызметі.
Құтқарушылардың айтуынша, аптап ыстық пен құрғақшылыққа байланысты өңірде табиғи өрт қаупі жоғары болып отыр. Сондықтан мамандар тұрғындарға далада от жаққанда сақ болуды ескертеді.
Төтенше жағдайлар департаменті сөндірілмеген отты, темекі тұқылын және өзге де жану көздерін табиғатта қалдырмауға шақырды.