Бүгін Қарағандыдағы жүк көліктері тұратын бокста өрт шығып, салдарынан тілсіз жау 2000 шаршы метр аумақты шарпыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қарағанды қаласының Октябрь ауданында өрт шыққандығы туралы хабар 22 ақпанда сағат 17: 04-те түсіпті. Байжанов шахтасының маңында жүк көліктеріне арналған бір қабатты бокстан өрт шыққан. Ғимараттың шатыры мен ішіндегі 7 жүк көлігі жанып, төбенің 2000 шаршы метрі құлаған.
"19 сағат 04 минутта өрт сөндірушілер өртті толықтай жойды. Тілсіз жаумен күреске Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке құрамынан 65 адам мен 17 техника жұмылдырылды. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Өрттің алдын ала себебі – пеш жабдығының ақаулығы", – деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.