Қарағандыда ағаштарды заңсыз кесуге қатысты қылмыстық іс қозғалды

813

Волочаевская көшесінде тұрғындар демалатын орынға айналған алаңқайдағы ағаштарды жекеменшік фирма өкілдері кесіп тастаған.

Қарағандыда ағаштарды заңсыз кесуге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Осыдан бір ай бұрын осы жердегі ағаштарды фирма өкілдері кеспек болғанда осы маңдағы тұрғындар қарсы болып, жасыл желекті аман алып қалған еді. Енді жақында жұрт қарасы аз болған кезде мұндағы шамамен он шақты  ағаштарды түп тамырымен алып тастаған. Бұл жайтқа куә болған тұрғындар сайлау алдында уәде беріп, кейін қарасын көрсетпей кететін депутаттарды іздеп, әлеуметтік желіні шулатты.

Тұрғындар бизнес өкілінің ғимарат салуы үшін көзі түсіп отырған бұл аумақты былтыр жазда күл-қоқыстан тазартып, орындықтар қойып, демалатын орынға айналдырған еді. Олар осы алаңқайды "билік тұрғындармен санаспай сатып жіберді" деп қапаланды.

"Тұрғындар ағаш жақсы өсіп тұрған жерді өздері жинап реттеп алғанша бұл жер ешкімге керек болмаған. Енді міне жұмыскерлер келіп ағаштың жартысын кесіп тастады. Бұған дейін болған дау-дамай кезінде енді ешкім тиіспейді деген болатын. Сол тағы өтірік болды. Олар аудандық әкімшілікпен келісе салған, тұрғындарды есепке алмай тұр. Тағы толып жатқан бизнес орталығын салады, әкімшілік қайда қарап отыр. Біздің депутаттар қайда, олар халыққа шығып неге көмектеспейді, қайда жүр өздері?", – деп шағымданған Волочаевская көшесінің тұрғындары әлеуметтік желі арқылы үндеу жариялады.

Тұрғындар шағым білдіріп, әкімшіліктен көмек сұраған күні қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сол жерге барып жағдайды өз көзімен көріп қайтқан. Қала әкімі ағаштарды кесуге мемлекеттік орган тарапынан рұқсат болмағанын айтты. Бүгінде бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалған.

"Қазіргі уақытта келтірілген залалды есептеу жүргізілуде. Осыдан кейін бұл материал құқық қорғау органдарына жіберіледі. Біз енді кесілген ағаштардың орнына өтемақылық негізде ағаш егу мәселесін қолға алсын деп талап қоямыз. Бұған дейін сауда орталығын салуға қатысты берілген рұқсат кері қайтарылған болатын. Құрылыс салмақшы болған адамға жақын жерден дәл осындай жер телімін беру туралы ұсыныс айтылған. Алайда жер алғысы келген адам тарапынан түсіністік болмай тұр",– деп мәлімдеді Қарағанды қаласының әкімі Ермағамбет Булекпаев.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу