Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында жаңа сүт зауытының ашылуына аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі заңсыз кедергі жасаған. Салдарына жұмыс орны ұзақ уақыт бойы жабылып тұрған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бас прокуратураның тапсырмасымен Қарағанды облысының прокуратурасы бос тұрған және жүктемесі аз кәсіпорындардың қызметін қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізген.
"Мониторинг барысында Бұқар жырау ауданындағы сүт өнімдерін шығаратын шағын зауыттың ұзақ уақыт бойы тоқтап тұрғаны анықталды. Аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі құжаттардың сәйкес болмауын алға тартып, кәсіпкерге нысанды бекітуден және қайта тіркеуден екі рет заңсыз бас тартқан", – дейді ведомство.
Прокуратураның араласуынан кейін мәселе тез шешіліп, нысан қайта тіркеліп, кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Инвестор 22 миллион теңгенің құрал-жабдықтарын сатып алып, өнімдерін сата бастады.