Қарағанды облысында полиция қызметкерлері интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг барысында TikTok әлеуметтік желісінде 56 жастағы стримердің қоғамда теріс пікір қалыптастыратын және заң талаптарына қайшы әрекеттерін анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған дерек бойынша полиция тиісті шаралар қабылданды. Сот қаулысымен азаматқа 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, ресми ескерту жасалды.
Қарағанды қаласының тұрғыны Еркен Жантықпаев TikTok әлеуметтік желісіндегі белсенділігімен танымал. Ол әйелдердің киімін киіп, құқыққа қайшы мазмұндағы бейнематериалдар жариялаған.
Полиция қызметкерлері азаматтың әрекеті заң талаптары мен қоғамдық тәртіпке қайшы келетінін атап өтті. Мұндай әрекеттерге құқықтық баға беріліп, заңнамада көзделген жауапкершілік шаралары қолданылады.
Қазіргі уақытта Еркен Жантықпаев әлеуметтік желілердегі аккаунттарын жойған. Сонымен қатар полиция оған қатысты бақылауды жалғастырады.