Қарағандыда аяғында күрделі ақауы бар 7 балаға ота жасалады

270

Шеберлік сабақ балалар церебралды сал ауруына шалдыққан балалардың аяқ-қолдарындағы деформацияларды хирургиялық жолмен түзету бағытында болған.

Қарағандыда аяғында күрделі ақауы бар 7 балаға ота жасалады Фото: gov.kz

Қарағандыда аяғында ауыр ақауы бар жеті балаға күрделі операция жасалады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ота Көпбейінді облыстық балалар ауруханасында өтіп жатқан халықаралық шеберлік сағаты аясында қазақстандық және ресейлік ортопедтердің қатысуымен жүргізілуде.

Шеберлік сағатын Ярославль қаласынан келген травматолог-ортопед, медицина ғылымдарының докторы, профессор Максим Вавилов өткізуде. Бұл оның Қарағандыға екінші рет келуі. Мамандардың айтуынша, өңірде балалар ортопедиялық хирургиясының деңгейі жоғары болғанымен, күрделі туа біткен және жүре пайда болған ақауларды емдеуде қосымша тәжірибе мен арнайы тәсілдер қажет.

– Стандартты хирургиялық тәжірибеде туа біткен маймақтықты емдеу және оның қайталануының алдын алу, соның ішінде сіңірлерді трансплантациялау әдісі қолданылады. Алайда туа біткен аномалиялары мен жүйке жүйесінің бұзылыстары бар, стандартты емдеу тәсілдеріне келмейтін балалар да кездеседі. Мен осындай күрделі жағдайларды емдеудегі өз тәжірибеммен бөліскім келеді, – деді Максим Вавилов.

Екі күн ішінде 6-дан 16 жасқа дейінгі жеті балаға ота жасалады. Олардың арасында күрделі маймақтық, аяқ басының жалпақ-вальгустық және ат-варустық деформациялары, неврологиялық аурулардың салдары, Шарко – Мари – Тут синдромы және басқа да ортопедиялық патологиялары бар балалар бар.

Пациенттердің бірі – Саран қаласының 12 жастағы тұрғыны. Балада екі аяқтың күрделі маймақтығы, сондай-ақ микроцефалия мен эпилепсия бар. Қатар жүретін ауруларына байланысты оған стандартты емдеу әдістерін қолдану мүмкін болмаған.

– Біз мұндай мүмкіндікті өте ұзақ күттік. Түрлі дәрігерлерге қаралып, көптеген тексеруден өттік. Алайда диагнозына байланысты мұндай күрделі жағдайға мамандардың тәуекел етуге батылы жетпей, бізден бас тартатын. Шеберлік сабаққа қатысуға ұсыныс түскенде, бірден келістік. Қазір бір аяғына операция жасалып жатыр. Алдымен осы аяғын емдеп, оңалтудан өткізіп, толық қалпына келуін күтеміз. Содан кейін екінші аяғына да ота жасауға тырысамыз. Оның өздігінен жүргенін қалаймыз, – деді баланың анасы Любовь Величко.

Пациенттердің кейбіріне бұған дейін де операция жасалған. Енді оларға реконструктивті ем қажет. Мұндағы басты мақсат – аяқтың дұрыс тірелуін қалпына келтіріп, түсетін салмақтың табанның барлық бетіне біркелкі бөлінуін қамтамасыз ету.

Операциялар барысында сүйек пластикасы, металлоостеосинтез, сіңір-бұлшықет транспозициясы және микрохирургиялық әдістер қолданылады. Ота көлемі небәрі 1–1,5 сантиметр болатын шағын тіліктер арқылы жасалады. Бұл қан жоғалтуды азайтып, баланың оңалуын жеделдетуге мүмкіндік береді.

Шеберлік сағатына Қазақстанның әр өңірінен 15 медицина маманы қатысып жатыр. Олар операцияларға қатысып қана қоймай, күрделі ортопедиялық жағдайларды талдап, емдеудің заманауи тәсілдерін талқылайды.

Алдағы уақытта қарағандылық мамандар осындай күрделі операцияларды өз бетінше орындауды жоспарлап отыр. Әр пациентке емдеу тактикасы жеке белгіленеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу