Дәрігерлер Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында уланған балалардың жағдайы туралы айтып берді, деп жазады inbusiness.kz.
"Бүгін тағы үш баланы ауруханадан шығару жоспарланып отыр. 7 тамыздағы жағдай бойынша жансақтау бөлімінде 6 бала жатыр, олардың жағдайы тұрақты ауыр. Нейробокс бөлімшесінде үш бала жатыр, жағдайы тұрақты", - делінген хабарламада.
Барлығы 9 науқас ем қабылдауда. Олардың ішінде екеуі балалар ауруханасында жансақтау бөлімінде, ал қалған жетеуі облыстық клиникалық аурухананың жұқпалы аурулар орталығында жатыр.
Айта кетейік, Қарағандыдағы балаларға әлеуметтік көмек көрсету орталығында бірнеше бала уланып, 1 бала қайтыс болған болатын. Бас прокуратура бұл жағдай бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді. Балалар омбудсмені Динара Зәкиева Қарағандыда уланған балалар арасында жетімдер де бар екенін мәлімдеді.