Қарағандыда балаларының көзінше әйелін пышақтап өлтірген ер адамға үкім шықты

658

Ол 14 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қарағандыда балаларының көзінше әйелін пышақтап өлтірген ер адамға үкім шықты Фото: видео скриншот

Сотталушының өзі бұл шешіммен келіспей, аппеляцияға беруді жоспарлап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Таймасовты 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қатаң режимдегі қылмыстық-атқару жүйесінде өтелсін. Жазасын өтеу мерзімі ұсталған кезден бастап есептеледі. Жәбірленуші Өмірзақованың пайдасына моральдық шығын үшін 20 миллион теңге өндірілсін", – деді судья Самал Аринова.

Қайғылы оқиға сәуірдің соңында болған. Ер адам бір ай жұмыс істемегендіктен, ерлі-зайыпты арасында жанжал туындаған. Әрі Таймасов мас болған.

Балалар жанжал кезінде учаскелік полиция қызметкерін де шақырған. Ол келіп, арызды қабылдағанымен, қаскөйді ұстамаған.

Тәртіп сақшысы кете салысымен ер адам әйелге үш рет пышақ сұққан. Гүлмира Таймасова ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды.

Сот барысында сотталушы кінәсін мойындады. Оның адвокаты 9 жыл жаза беруді сұрағанымен, судья қатаңырақ жаза беруді шешті.

Ерлі-зайыптының 15 және 17 жастағы екі баласы 81 жастағы нағашы әжесінің қолында болады.

"Судья ең максималды жазаны берді, яғни 14 жыл – біздің ойымызша әділ. Сонымен қатар азаматтық талап арызымыз қанағаттандырылды. Қорғаушы жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының кәмелетке толмаған балалары бар екенін мойындауды сұрады. Бірақ ата-ана екінші ата-ананы өмірінен айырған болса, бұл жазаны жеңілдететін мән-жай бола алмайды", – деді жәбірленуші тараптың өкілі Ибрагим Сәдуақасов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу