Қарағанды қаласында Бұқар жырау даңғылында орналасқан тұрғын үйлердің бірінен өрт шықты, деп жазады inbusiness.kz облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өрт туралы хабарлама 26 сәуір күні сағат 13:57-де түскен.
Ақпаратқа сәйкес, Бұқар жырау даңғылы, 58а мекенжайында бесінші қабаттағы үйдің балконынан өрт шығып, қызыл жалын үйдің шатырына таралған.
Құтқарушылар өрттің тұрғын үйлерге таралуының алдын алды. Тілсіз жау 600 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт сағат 15:35-те жойылды.
"ТЖД күштерімен құтқару қалпақтарының көмегімен 17 адам, оның ішінде 5 бала құтқарылды, ал баспалдақпен 40 адам эвакуацияланды. Қызыл жалынды сөндіруге облыстық ТЖД жеке құрамынан 68 адам, 18 техника жұмылдырылды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына ашық отты пайдалану себеп болуы мүмкін", - делінген хабарламада.