Қарағандыда блогер ұсталды

711

Полиция блогерді ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен тергеуге алды. 

Қарағандыда блогер ұсталды Фото: КазТАГ

Әлеуметтік желіге тұрғындардың проблемасын жариялап жүретін блогер Евгений Медведев ұсталды. Белгісіз біреулер өндірістік кәсіпорынның қоймасынан төрт электр қозғалтқыш пен ысырма редукторды қолды еткен. Ұрлық бейнежазбаға түсіп қалған. Сол аумақтан шыққан газель көлігі блогердің ауласынан табылған.

“Оқиға орынындағы бейнебақылау камераларын қарау барысында ұрлық жасап, сол жерден ізін жасырған Газель маркалы автокөлік анықталды. Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрлыққа қатысы бар автокөлік қаладағы жеке үйлердің ауласынан анықталды. 33 жастағы үй иесі өзін блогермін деп таныстырып, ішкі істер органының қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтірді”,- деп мәлімдеді Полиция Департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері Газель автокөлігін айғақ зат ретінде тәркілеп, оны полиция бөліміне жеткізу үшін эвакуатор шақыртқан.

“Алайда көлікті  полицияға жеткізу үшін тасымалдау кезінде оқиға орынына жиналған белгісіз адамдар эвакуатордың дөңгелегін жарып, полиция қызметкерлерінің заңды әрекеттеріне кедергі келтірген. Қазіргі уақытта ол адамдарды анықтау  бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ, қалған заттай дәлелдемелерді алу бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде”,- деп хабарлады Полиция Департаментінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желіге блогерді ұстау барысында түсірілген бейнежазба тарады. Блогерді полиция қызметкерлеріне ұстау барысында қарсылық көрсеткен. Ұрлық кезінде бейнетаспаға түсіп қалған көліктің нақты қожайыны әзірге белгісіз. Блогер  тексеріс кезінде көліктің өзінікі емес екенін айтқан. Тергеу жұмыстары жалғасуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу