Қазіргі уақытта көлік қарасының қалаларда көбейе бастауы экологияға айтарлықтай зиянын тигізе бастады. Қарағандыда экологтар түтінді көп шығаратын көліктерді анықтау мақсатында рейд жасай бастады.
Мамандардың айтуынша автокөліктен шыққан түтіннен мөлшерден тыс бөлінетін көміртегі тотығы, азот оксидтері, альдегидтер, көмірсутектер ауаның ластануына әкеп соғады.
Экология департаментінің Қарағанды облысы бойынша зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімі жыл сайын мамыр-қазан айлары аралығында Қарағанды қаласының полициясымен бірлесіп табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактілерін анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізеді.
“Осы тексерістер аясында автокөліктерден шығатын түтіннің қалыпты мөлшерін сақталуын қамтамасыз ету үшін шамадан тыс бөлінген зиянды газдар өлшенеді. Бекітілген стандарттардан асып кеткен жағдайда, көліктерді тексеру нәтижелері бойынша Қарағанды қаласының сақшылары көлік иелеріне қатысты әкімшілік шара қолданатын болады”,- деп хабарлайды Қарағанды облысының Экология Департаменті.
Экологтар рейд жүргізген екі күннің ішінде шамадан тыс түтін шығарып жүрген оннан астам автокөлікті анықтады.
Департаменттің мәліметінше былтырғы жылы жүргізілген рейд барысында жүзден астам көлікті тексерген. Олардың басым бөлігі автобустар мен ауыр жүк тасымалдайтын көліктер. Тексерілген 104 көліктің ішінде 35 көлік қоршаған ортаға қалыпты деңгейден жоғары мөлшерде түтін шығарып отырған.
Рейдтік жұмыстар қазан айына дейін жалғаспақ. Көлігін жөндемей түтіндетіп жүргендерге тиісінше айыппұл салынады.