Қарағандыда электронды тестілеу орталығы ашылды, деп хабарлайды 24Хабар.
Енді кез келген уақытта оқушылармен бірге мұғалімдер де осы жерде сынақ тапсыра алады. Ерекшелігі, қат-қабат қағаз ақтарып отырудың қажеті жоқ. Бөлмеде монитор мен тінтуір ғана болады. Сұрақтарға ретімен жауап береді. Яғни, мұнда оқушының ойын бөлетін артық зат болмайды. Ал емтихан тапсырушының әр қимылы үстел үстіне орнатылған бейнекамерадан қадағаланып отырады. Егер сауалды түсінбеген жағдайда немесе компьютерде ақау шықса, оператор көмекке келеді. Бұл жүйе оқушының шынайы білімін байқауға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ұстаздардың да біліктілігін тексеріп, қосымша оқуға кімді жіберу қажеттігін айқындайтын аса қажет құрал, – дейді білім басқармадағылар.
"Бұл жерде тек монитормен тінтуір ғана бар. Сондықтан ештеңеге ой бөлмей сұрақтарға жауап беруге болады қолыңнан қаламың түсіп кетпейді, оның пастасы таусылып қалмайды. Ешқандай бөгетсіз өз жұмысыңды жалғастыра бересің. Тесттер де жаңа үлгімен дайындалған. Осы жолы əлдеқайда қызықты болды", – дейді 11 сынып оқушысы Абылайхан Байбөлек.