Қарағандыда ең креативті шыршаға байқау жарияланды. Байқау қалада осымен екінші жыл өткізіліп отыр, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Биылғы жылы байқау ережесі сәл өзгертілген: барлық қатысушылар екі номинацияға бөлінеді. Біріншісіне бюджеттік ұйымдар мен қатардағы қала тұрғындары болады. Екіншісінде – ірі кәсіпорындар, шағын және орта бизнес өкілдері шыршаларын ұсынады.
Барлық үміткерлерге қойылатын шарт бірдей. Шырша креативті, әдемі және екі метрден төмен болмауға тиіс.
Қатысушылар 11 желтоқсаннан бастап іске кірісе алады. Ал 24 желтоқсанда каскад алаңында орнату керек.
Дәл осы күні қатысушылардың жұмыстарын құрамында сәулетшілер, суретшілер, дизайнерлер және қаланың танымал тұлғалары болатын қазылар алқасы бағалайды. Әр номинация бойынша олар үш шыршадан таңдайды. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табыс етіледі.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы ең креативті шырша байқауы Қарағанды қаласында алғаш рет өткізілген болатын. Ол кезде бірінші орынды "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының қызметкерлері иеленді. Олар жасанды көмірден шырша жасап, оның ішіне домна пешін сипаттайтын қызыл түсті жарық диод шамдарын орнатқан.