Қарағандыда тағы бір заманауи ферроқорытпа зауыты мен агломерациялық фабрика пайда болады. Жоба Бизнестің жол картасы - 2025 бағдарламасына енгізілген. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 57 мың тонна ферроқорытпа мен 240 мың тонна агломератты құрамақ, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта нысандардың құрылысы басталды.
"Жаңа зауыт өнімдеріндегі қазақстандық қамту үлесі 100% құрайтыны өте маңызды фактор. Әлемдік жоғары сапа талаптарына сәйкес келетін өндірілетін өнім толығымен экспортқа бағдарланатын болады. Негізгі тұтынушылар АҚШ, Еуропа, Жапония, Корея, Түркия және ТМД елдері болады. Осыған байланысты аталған жобаны іске асыру еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, ұлттық экономиканың дамуына үлес қосады. Жобаның бірегейлігі зауыт экологиялық таза болатындығында: өндіріс процесінде мұнда ауаны ластамайтын газ тазарту жүйесі қолданылады және Қалдықтардың пайда болуын азайту және оларды қайта пайдалану қағидаттарының арқасында қоршаған ортаға ең аз әсер етеді. Зауыт құрылысы кезеңінде 1000-нан астам жұмыс орны құрылады, ал құрылыс аяқталғаннан кейін 400 отандасымыз тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте бізде осындай зауыттарды салу тәжірибесі бар екенін атап өткім келеді", – деді "Qaz Carbon" ЖШС құрылтайшысы Ерлан Нығматулин.
Жаңа зауыттың құрылысы шеңберінде Индустрия 4.0, экономиканы технологиялық жаңғырту және өнеркәсіпті цифрландыру бағдарламасының барлық параметрлеріне сәйкес келетін әлемдік технологиялық әзірлемелерді қолдану және жаңа жабдықтарды орнату жоспарлануда. Өндіріс процесі толығымен автоматтандырылады.
Зауыт пен фабрика құрылысының жалпы құны – 36,8 млрд теңге. Қазақстан Даму Банкінің (ҚДБ) қаржыландыру сомасы 29,6 млрд теңгені, "Qaz Carbon" ЖШС-нің меншікті салым сомасы 7,2 млрд теңгені құрайды. Бұл ретте, жобаның экспорттық бағдарлануын ескере отырып, "Qaz Carbon" ЖШС 11,5 млрд теңге сомаға қарызды сақтандыру арқылы "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясы" АҚ тарапынан қолдау алды, бұл еліміздің екі қаржы институтының ("Бәйтерек" холдингінің еншілес құрылымдары) табысты синергиясының көрсеткіші болып табылады. ҚДБ-ның кредиттік қаражаты құрылыс-монтаждау жұмыстарына және жоғары технологиялық жабдықты сатып алуға бағытталатын болады.