Ерлан Қошанов Ғалым Жарылғаповтың аруағына бағышталған бокс бойынша турнирдің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
"Біздің шақыруымызды қабыл алып, турнирге келген әрбір қонақ пен спортшыларға алғысымды білдіргім келеді. Мен Ғалым Жарылғаповты жақсы танитынмын - ол бірегей тұлға, үлкен ұстаз болған жан. Ол лайықты өмір сүріп, қазақстандық спорттың дамуына үлкен үлес қосқан. Біз барлығымыз ол кісіні осы күнге дейін есімізде сақтап келеміз және осындай тұлға жайлы естелік мәңгі сақталады. Бүгінгі турнир - соның дәлелі. Жыл сайын ол қалың қауымды жинап, өте жоғары деңгейде өтеді", - деді өз сөзінде аймақ басшысы.
Құрметті қонақтар ретінде туринирге бокс бойынша әлем чемпионы Кристина Хаммер, Голливуд актёрі Игорь Жижикин және сценарист Олег Степченко келді. Оларға ұлттық шапандар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Турнир 21-желтоқсанға дейін жалғасады. Бұл Ғалым Жарылғаповтың аруағына бағышталған 35-ші сайыс. Ғалым Жарылғаповты еске алу турнирі Қарағандыда 1984-ші жылдан бері өтеді. Түрлі кезеңдерде оның жеңімпаздары Василий Жиров, Болат Жұмаділов, Ермұхан Ыбраимов, Аркадий Топаев, Игорь Шишкин, Анатолий Александров, Олег Маскаев, Бекзат Саттарханов, Геннадий Головкин, Серік Елеуов, Серік Сәпиев болған. Чемпионаттың құрметті қонақтары ретінде Қарағандыда кәсіпқойлар арасында бокс бойынша абсолютті әлем чемпионы Рой Джонс-кіші болып қайтқан.
Ғалым Жарылғапов бокс бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері болған, "Ерен еңбегі үшін" медалімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, КОКП ОК "Комсомолда белсенді еңбек еткені үшін", "КСРО және ҚазССР кәсіби техникалық білім озаты", "КСРО дене шынықтыру және спорт озаты" белгілерімен марапатталған.