5 жастағы Евгения көршінің ашық тұрған ауласында ойнап жүрген. Бүлдіршін аулада байлаулы тұрған иттің жанына барып, оны ұстамақ болған. Сол сәтте ит қызға тап беріп, бетін талап тастаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Информбюро-ға сілтеме жасап.
Қыздың шыңғырған даусын естіген анасы үйінен шығып, көмекке жүгірген. Ауруханаға жеткізген бетте дәрігерлер баланың бетін сегіз жерден тіккен.
Ол иттің қожайынынан өтемақы талап етуде. Алайда келіншектің айтуынша, көршісі жауапкершіліктен қашып отыр. Иттің иесі өзін кінәлімін деп санамайды. Керісінше, бұл жағдайдың баланы қараусыз қалдырған ата-ананың жауапкершілігінде екенін айтады.
Кішкентай Евгенияның анасының айтуынша, көршісі бастапқы кезде қажетті дәрі-дәрмекті алып беріп жүрген. Бірақ кейін көмектесуден мүлдем бас тартқан. Анжелика Морозова осы бойынша полицияға шағым түсірген. Олар иттің иесіне 36 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Ендігі жерде келіншек өтемақы өндіріп алу үшін сотқа жүгінбек.
Анасының айтуынша, бүлдіршінге пластикалық ота жасату үшін кемінде 2 миллион теңге мөлшерінде қаржы керек.