Қарағандыда "Қарапайым заттар экономикасымен" алғашқы субсидия берілді

814

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры және Халық банкінің Қарағандыдағы филиалы мен "Альфарух Logistic" компаниясы тиісті келісімге қол қойды.

Қарағандыда "Қарапайым заттар экономикасымен" алғашқы субсидия берілді

Жекеменшік компанияға "қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасына алғашқы қатысушы ретінде 2 миллиард теңге субсидия беріледі. Субсидиялық қаражаттың арқасында компания Қарағандыда ірі сауда-логистикалық орталық салуда. Мамандардың пайымдауынша, бұл қаржыландыру азық-түлік тауарларын сақтауға және тасымалдау шығындарын қысқарту есебінен олардың құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

"Жоба бойынша кәсіпкерге 15 пайызбен несие береміз, 7 пайызын "Даму" қоры, ал қалған 8 пайызын кәсіпкер өзі ай сайын төлеп тұрады. Бұл енді мемлекеттік бағдарлама бойынша кәсіпкерге жасалып отырған жеңілдік болып есептеледі", – деп мәлімдеді Халық банкінің Қарағанды филиалы директорының орынбасары Жасұлан Жұмабеков.

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы елбасының тапсырмасы бойынша құрылған және импортты алмастыруға бағытталған. Оны іске асыруға республикалық бюджеттен 600 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 200 млрд теңгесі агроөнеркәсіптік кешендегі өндірісті және қайта өңдеуді несиелендіруге, 400 млрд теңгесі өңдеуші өнеркәсіпке және кейбір қызмет түрлеріне бағытталады.

Бүгінде Қарағандыда "Қарапайым заттар экономикасы" мемлекеттік бағдарламасы бойынша арнайы кеңсе ашылған. Бұл кеңседе мамандар жобаға қатысты субсидия алғысы келген кәсіпкерлердің өтінішін қабылдап, өз тараптарынан кеңестерін беріп отырады. Қазіргі уақытта бұл жоба бойынша несиелендіруге қатысты Қарағанды облысында 40 өтініш қарастырылуда.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу