Аймақтың басты мерекесі – Кеншілер күніне арналған шараға қала орталығында 120 мыңнан астам көрермен жиналып, мерекелік көңіл-күйдің бір бөлігіне айналды.
Мыңдаған адам алаңға ағылып, Қазақстан мен Ресейдің танымал эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалады. Кештің шарықтау сәтінде қарағандылықтар алғаш рет Zivertтің тікелей концертін көріп, әр әнін бірге шырқады.
Қала орталығы бір күнге ашық аспан астындағы алып концерт алаңына айналды. Жиналған жұрт мерекені ерекше қуанышпен атап өтті.
Концерт кезінде қалаға ерекше мерекелік атмосфера орнап, тұрғындар отбасымен және достарымен шаттыққа толы сәтті бірге өткізді.
Қонақүйлерде бос орын қалмай, мерекеге тек Қарағанды облысынан ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен де көрермендер келген.
Сахнада AYAU, Sadraddin, "Ирина Кайратовна" тобы сынды танымал өнерпаздар өнер көрсетіп, мерекелік кешті қыздырды. Ал ең үлкен тосынсый Zivertтің сахнаға шығуы болды.
Оның өнері алаңды дүр сілкіндіріп, халық әр орындауын бірге айтып, ерекше әсерге бөленді. Көрермендер мұндай мерекені ұзақ күткенін айтып, Қарағандыда жиі ұйымдастырылса деген тілектерін жеткізді.
Мерекелік концерт тек Қарағандыда ғана емес, өзге кеншілер қалаларында да жалғасын тапты. 30 тамыз күні Қаражалда Әли Оқапов, Urker және Дильназ Ахмадиева өнер көрсетсе, 31 тамызда Шахтинск, Саран және Абай қалаларында Alem, Айқын мен Мақпал Исабекова ән шырқады.
Әрбір концертте шахтерлердің еңбегіне ерекше құрмет көрсетілді. Кеш соңында аспанды түрлі түске бояған отшашу мерекенің ажарын аша түсті.
Qarmet компаниясы мерекені тек ән-күймен емес, тосынсыйларымен де әрледі. Мыңдаған көрермен әлеуметтік желіде концерттен фото және бейнематериал бөлісіп, PlayStation 5 ұтысына қатысты. Жеңімпаздардың есімі 2 қыркүйекте тікелей эфирде жарияланбақ. Дегенмен көпшілік үшін ең үлкен сый – мерекенің өзі және халықтың бірлікпен атап өткен қуанышы болды.
Қарағанды қаласы Урбанистика орталығының директоры Валерия Хасуева Кеншілер күнінің мән-маңызына тоқталып, бұл мерекеге 120 мыңнан астам адамның қатысуы Қарағанды үшін тарихи оқиға екенін айтты.
Оның сөзінше, бұл күні облыстың әрбір бесінші тұрғыны алаңда бас қосқан. Ол сондай-ақ Qarmet компаниясына тек концертті ұйымдастырғаны үшін ғана емес, өңірде болып жатқан оң өзгерістер үшін де алғыс білдірді.
Qarmet үшін Кеншілер күні күнтізбедегі қарапайым дата емес. Бұл күн – шахтерлердің маңдай терін, қажырлы еңбегін дәріптеу, олардың қоғамдағы рөлін мойындау. Қарағандыда өткен ауқымды концерт, жұлдыздардың өнері мен тосынсыйлар мерекені ел тарихындағы ең жарқын оқиғалардың біріне айналдырды. Кеше қала аспанында әуезді ән қалықтап, халық шаттыққа бөленді. Ал кеншілер үшін ең үлкен сый – олардың ауыр да мәртебелі еңбегіне деген халықтың алғысы мен құрметі болды.