Қарағандыда құтқарушыларға арналған алғашқы мамандандырылған кітапхана ашылды, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің ресми порталы.
Онда өрт қауіпсіздігі, оқыс оқиғаларда қандай әрекеттер ету керектігі туралы кітаптар, сондай-ақ патриоттық әдебиет жинақталған. Барлығы қорда мыңнан астам кітап бар.
Құтқарушыларға арналған бірінші кітапхана "Көгілдір тоған" шағын ауданында орналасқан №17 өрт сөндіру бөлімшесінің негізінде пайда болды.
"Әзірге біз кітапханамызда карточка жүйесін енгіздік. Бұл құтқарушылар үшін келіп, кітап оқып, білімдерін жетілдіруге арналған орын. Егер қор кеңейетін болса, келушілер саны да артатын болады. Сол кезде мүмкін оқырмандар билеттері жүйесін енгізетін шығармыз", - дейді Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз-хатшысы Жанна Дәуренбекова.
Әзірге, баспасөз-хатшысының айтуынша кітапханаға келушелер саны көп емес – көбінесе сол өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері.
Кітапхана құру идеясы Қарағанды облыстық ТЖД "ӨСжАҚЖҚ" ММ кәсіби даярлық мектебінің оқытушысы Роберт Ғалымжановқа келген. Оқу залында ұсынылған барлық дерлік кітаптар оның өзінің жеке топтамасынан алынған.