Қайғылы жағдай сенбі күні Түнгі әуесқой хоккей лигасы аясында ұйымдастырылған матч кезінде болған.
Кездесу әлі басталмай жатып, салтанатты сапқа тұру сәтінде хоккейшілердің бірінің жағдайы кенеттен нашарлаған. Ол есінен танып, мұз үстіне құлап түскен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға орнында болғандар бірден алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысқан. Артынша жедел жәрдем шақырылғанымен, дәрігерлер келгенге дейін ер адам қайтыс болған. Медициналық бригада өлім фактісін ғана тіркеген.
Белгілі болғандай, марқұм 46 жастағы "СКА-Приозерск" командасының ойыншысы болған. Ол Ресей Федерациясының азаматы, Қарағандыға қызметтік іссапармен келген.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, ол кәсіби спортшы емес, өзге қатысушылар секілді жұмыс күнінен кейін әуесқой деңгейде хоккей ойнаған.
Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы оқиғаны растады. Қазіргі таңда ер адамның қайтыс болу себептері нақтыланып жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде.