Қарағандыда "Террикон алқабы" ІТ-хаб алаңында Мining day технологиялық марафоны өтіп жатыр. Оған 40-тан аса IT-компания өкілдері жиналды, деп жазады inbusiness.kz қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, командалар өнеркәсіптік кәсіпорындарда цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған өз жобаларын таныстыра отырып, қатты пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу саласындағы 8 кейстің бірі бойынша міндеттерді шешуі керек. Шешімін тапқан бір міндет үшін 320 миллион теңгеге дейін грант қарастырылған.
Қазылар алқасы презентациядан кейін ең үздік жобаларды анықтамақ.
"Қатысушылар қалдық қоймасының тереңдігін анықтау үшін цифрлық технологияның ғылыми-қолданбалы әдісін енгізу міндеттерінің шешімдерін, бұдан бөлек елдімекендердің, олардың инфрақұрылымы мен көлік коммуникацияларының маңында бұрғылау-жару жұмыстарын қауіпсіз жүргізу үшін зиянды жарылыс өнімдерінің (шаң-газ бұлтының) шығарындыларын азайту және тау-кен массасының жекелеген бөліктерінің ұшу радиусын азайту жобаларын ұсынады", - делінген әкімдік таратқан хабарламада.