Қарағанды облысында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бойынша нейрооңалту орталық ашылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Мұнда жүйке жүйесі ауруларымен ауыратындар емделеді. Инсульт алған науқастар оңалту курсынан өтеді. Орталық жабдықталуы мен терапевтік процедуралар жөнінен еліміздегі жалғыз мекеме. Омыртқаны су астында созатын аппарат тек осында ғана бар.
Орталық базасында Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің неврология және реабилитация кафедрасы жұмыс істейді. Ғылыми дәрежесі бар жоғары білікті мамандар консультация беріп, ем жасайды. Штатта массаж жасаушы, ЕДШ нұсқаушысы, логопед бар. Пациенттер мемлекеттік тапсырыспен оңалту курсынан тегін өтеді.
"Біздің қызметтерімізге сұраныс көп. Қабылдауды ақпан айында бастадық, қазір мамыр айына дейін кезекке жазылып қойды", – дейді орталықтың бас дәрігері Руслан Беляев.
Орталықта шамамен 50 млн теңгенің мемлекеттік тапсырысы орналастырылды. Бұл 340 науқасқа тегін емделуге мүмкіндік береді. Бір адамға 100 мың теңге жұмсалады.
Облыс әкімі мемлекеттік тапсырысты ұлғайтуды тапсырды.
"Бұл орталық қажет. Ол адамдарға көмектеседі, жағдайы да жақсы", – дейді Ерлан Қошанов.
Бұл жобалардың қатарында – балалар реабилитация орталығы, аллергология орталығы, отбасылық денсаулық орталығы. Қала орталығының тұрғындарына арналған емхана ашуға дайын инвестор да табылды.