Қарағандыда өз-өзін өртеп жібергісі келген ер адам жазаланды

Ол жергілікті базарлардың бірінің маңында үстіне бензин шашып, от қоюға әрекет еткен.  

Қарағандыда өз-өзін өртеп жібергісі келген ер адам жазаланды Фото: бейнежазбадан

Онымен тоқтамай, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын өрескел бұзғаны анықталып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ер адамға қатысты ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша істі қараған. Сот 2026 жылдың 26 наурызында оның қоғамдық орында үстіне бензин құйып, өзін өртеуге әрекет жасағанын анықтаған. 

– Қала тұрғынының кінәсі өзінің мойындауымен, куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбалармен және басқа да іс материалдарымен дәлелденді. ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігіне сәйкес, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту не 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған, – делінген ақпаратта. 

Жаза тағайындау кезінде сот құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік деңгейін, құқық бұзушының жеке басын, сонымен қатар жеңілдететін мән-жайларды – кінәсін мойындауы, өкінуі, құқық бұзушылықты алғаш рет жасауы және созылмалы ауруының бар екенін ескерді. 

Сот қаулысымен ер адамға 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынған. Қазіргі уақытта қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Полицейлер бұған дейін 33 жастағы қала тұрғынының базар әкімшілігімен жанжалға түсіп, өзіне тиесілі сауда контейнерлерін ала алмағанын хабарлаған-ды. Келіссөздерден соң ол өз іс-әрекетінен бас тартып, мәселені шешу үшін әкімдікке жүгінген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу