Қарағандыда тұрғын үй кешенінен пәтер алып беремін деген уәдеге сенген тұрғын 6 миллион теңгесінен айырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кейін бұл іске ондаған адамның қатысы болуы мүмкін екені анықталды.
9 шілде күні Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Қазыбек би атындағы полиция бөліміне 29 жастағы қала тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, 44 жастағы әйел биыл маусым айында сеніміне кіріп, салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірінен пәтерді тиімді бағамен алып беруге уәде еткен.
Осы мақсатта күдікті жәбірленушіден 6 миллион теңге алған. Алайда кейін пәтер рәсімделмеген, ақша да қайтарылмаған.
Арыз негізінде полицейлер жедел іздестіру және тергеу шараларын жүргізіп, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 44 жастағы әйелді анықтап, ұстады.
Тергеу барысында күдіктіге қатысты тағы 10 азаматтан осындай мазмұндағы арыз түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, ол тұрғын үй алып беру сылтауымен адамдардың сеніміне кіріп, бұл әрекетін 2023 жылдан бері жүзеге асырып келген.
Қазіргі таңда анықталған жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен 70 миллион теңгені құрайды. Аталған дерек бойынша аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын және қосымша жәбірленушілерді анықтау жұмыстарын жалғастыруда.
Қарағанды облысының полиция департаменті азаматтарды жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелер жасау кезінде сақ болуға, ақшаны тек заңды рәсімделген келісімдер негізінде беруге шақырды.