ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов Қарағанды облысына сапары барысында "Сарыарқа" АЭА аумағындағы патрон зауытының құрылысымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Жер асты суларынан құрылыс алаңында проблемалар туындап отыр. Бұл ғимарат фундаменті мен басты цехты конструкциялық өзгертуді қажет етеді. Қазіргі кезде кестеден кешігу мәселесі шешілді", – деді Бейбіт Атамқұлов журналистерге берген сұхбатында.
Министрдің айтуынша, зауытта қазақстандық шикізат пайдаланылады.
"Біз ескермеген бір жайт, қазақстандық зауытта жез лента дайындайтын технологиялық жабдықтың қандай екендігі. Яғни, қажетті сапаға қол жеткізе алмай отырмыз. Мұнымен қоса, қазақстандық кәсіпорындардағы технологиялық жабдықтарды жетілдіру мәселесі де бар", – деп атап өтті ведомство басшысы.
Құрылыс жұмыстарын 2017 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған.
Еске салайық, 2016 жылы наурызда алғашқы қазақстандық патрон зауытының құрылыс жобасы қолға алынды. Кәсіпорын қарағанды облысында "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасады. Жалпы құны 20 млрд. теңгеден асатын жобаны "Steel manufacturing" компаниясы жүзеге асырады.
Өндірістік қуаттылығы – жылына 30 млн. дана патрон. Қазақстанның әскеріне аса қажет 5,45*39 мм, 7,62*54 мм, 9*18 мм және 9*19 мм калибрлі патрондар шығарылмақ. Зауыт іске қосылғаннан кейін 160-тан астам жұмыс орны ашылады.