Қарағандыда саяжай аумағы өртенді, деп жазады inbusiness.kz облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, 17 мамыр күні сағат 13:23-те "112" пультіне Қарағанды қаласындағы "Наука" саяжай қоғамының аумағында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.
"Жалпы алаңы 2 гектар аумақта қолданыссыз тұрған саяжайдың ағаш құрылымдары, 4 шаруашылық құрылысы, ағаш қоршаулар мен шөп өртенді. Өрт сағат 14:00-де сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ", - делінген хабарламада.
Департамент өрт қаупі бар кезеңде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
"Саяжайды, оған жақын аумақты құрғақ шөптен және жанғыш қоқыстардан тазалау кезінде қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау қажет. От жағу және қалдықтарды өртеу ғимарат пен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта жүргізілуі керек", - деп хабарлады ведомство.