Қарағандыда симптомсыз науқастарды бақылайтын арнайы бөлім құрылды

617

Симптомсыз вирус тасымалдаушылар ресми мәліметтерге енгізілмейді және олар ауруханаға жатқызылмайды. 

Қарағандыда симптомсыз науқастарды бақылайтын арнайы бөлім құрылды

Қарағанды емханаларының басшылары COVID-19 індетін симптомсыз тасымалдаушылар қалай бақыланатыны және жұқтырғандар қандай көрсеткіштері бойынша ауруханаға жатқызылатыны туралы онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда 10 маусымда коронавирус инфекциясымен ауырған адамдарды емдеу хаттамалары мен есептеу жүйесі өзгертілді. Енді симптомсыз вирус тасымалдаушылар ресми мәліметтерге енгізілмейді және олар ауруханаға жатқызылмайды. Бұл госпитальдер мен стационардағы дәрігерлердің жүктемесін төмендетуге көмектеседі. Ағзасында анықталған вирус еш белгісіз өтіп жатқан адамдарды емханалардың дәрігерлері бақылайды.

"Симптомсыз науқастар COVID-19-ға ПТР тест жасау кезінде анықталады. Міндетті түрде жүкті әйелдер, созылмалы жүрек-қан тамырлары аурулары бар пациенттер, қант диабетімен және тыныс алу жүйесінің ауруларымен ауыратын адамдарды тексеріледі. Сондай-ақ, тестіні бұрын жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болған адамдар да тапсырады", – деп түсіндірді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гәмал Тоқсанбаев.

Егер ПТР талдау оң нәтиже көрсетсе, бірақ симптомдар болмаса немесе олар әлсіз болса, онда пациентті үй карантиніне орналастырып, емханалардың бақылауына алады.

"Біз КВИ бар симптомсыз науқастарды бақылайтын арнайы бөлім құрдық. Оларға дәрігерлер немесе орта медициналық қызметкерлер қоңырау шалады. Кіммен қашан әңгіме жүргізілгені туралы, кімге дәрігердің көмегі керек екенін біліп отыру үшін пациенттер күн сайын бірнеше топқа бөлінеді", – дейді "Қарағанды қаласының №3 емханасы" КМК директоры Сәния Боранқұлова.

Кейбір пациенттерге қанның оттегімен қанығу деңгейін бақылауға қабілетті арнайы құралдар – пульсоксиметрлер уақытша пайдалануға тегін беріледі.

"Оларды қарт адамдар, жүрек-қантамыр жүйесі, бүйрек, тыныс алу жүйесі, қант диабеті және басқа да созылмалы аурулары бар науқастар алады. Біз пациенттерді аталмыш құралды дұрыс пайдалануды үйретеміз, қандай көрсеткішпен бірден дәрігерді шақыру керектігін түсіндіреміз", – деді Қарағанды №1 көпсалалы ауруханасы директорының орынбасары Радмила Ғабдырақыпова.

COVID-19 симптомсыз тасымалдаушылар үй карантинінде 14 күн өткізеді. Кейін қайтадан ПТР-талдау алынады. Егер ол теріс нәтиже берсе, науқас сауығып кетті деп саналады. Егер тест пациенттің қанында вирустың болуын растаса, онда ол әрі қарай дәрігерлердің бақылауында болады.

Симптомсыз вирус тасымалдаушыларды, егер олармен бірге зейнеткерлер, жүкті әйелдер немесе балалар тұратын болса, емдеуге жатқызуы мүмкін. Мұндай пациенттер үшін арнайы "Турист" және "Меридиан" қонақ үйлері қайта жабдықталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу